ШАРЫҚТАҒАН ӘН, ШАЛҚЫҒАН КҮЙ
Бүгін, 18 наурыз күні, Әлкей Марғұлан атындағы №40 мектеп-лицейінде достық пен құт-берекенің бастауы болған «Наурыз – көктем, жыр-думан» мерекелік концерті өтті. Көне мейрамды жаңа заманда жаңғыртқан іс-шараға ата-аналар, мұғалімдер мен оқушылар қатысты. Шырайлы, шұғылалы көктемнің келгенін сырлы сазбен, әуезді әнмен жеткізген өнерпаздар жиналған жұртшылыққа, шын мәнінде, мерекелік атмосфера сыйлай білді. Домбырашы, дирижер Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығы қарсаңында композитордың өлмес мұрасына айналған «Сарыжайлау» әнін жас әнші жанды дауыста орындап шықты. Мектебіміздің өнерлі оқушыларымен қатар, арнайы шақырылған қонағымыз: Еркеғали Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармонияның «Сарыарқа» фольклорлық ансамблі ұлтымыздың өшпес, өлмес шығармаларын орындап, келушілерге ұлттық музыкалық аспаптардың құдіретін паш етті. Кеште Естайдың «Терісқақпай», Қазанғаптың «Ақжелең», Нұрғиса Тілендиевтің «Аққу», Сүгірдің «Бозінген», Дәулеткерейдің «Көроғлы», Құрманғазының «Адай» шығармалары домбыра үнімен қабысып, шанағынан күй болып төгілді. Шығармашылық байланыстың белгісі ретінде мектебіміздің «Жігер» домбырашылар ансамблі «Сарыарқа» фольклорлық ансамблімен бірлесіп, «Дала рухы», «Ата толғауы», «Балбырауын» күйлерін тарту етті. Өнер мектебінен келген Серік Бейбарыс Кенен Әзірбаевтың «Көк шолақ» әнін шырқап берді. Жүректерді тербеген, поэзияны жаны сүйген жас ақындар Наурыз мейрамы туралы өлеңдер оқыды. Шәкіртіміз Раяна Дарханқызы халық әні «Еркем-ай»-ды шырқай жөнелді. Залда жиналған барша аналардың құрметіне Мансұр Азатқали «Бозторғай ана» әнін арнады. Мазмұнды, рухани іс-шара соңында мектеп директоры Сәуле Амангелдіқызы сөз алып, жер бетіне жақсылық ұялаған Ұлыстың ұлы күні баршамызға ырыс-несібе, шаттық-қуаныш сыйласын деген тілегін жеткізді. Еңсесі биік елдіктің, іргесі сөгілмеген бірліктің мерекесі – әз-Наурыз құтты болсын!
Your browser does not support the video tag.
Your browser does not support the video tag.
Your browser does not support the video tag.
Your browser does not support the video tag.
Your browser does not support the video tag.